19 қараша күні таңертең тұрғын үйде газ жарылды. Алдын ала дерек бойынша, пәтерлердің біріндегі жылытқыштың ақауынан газ жиналып, соңы жарылысқа ұласқан. Жарылыс күшінен ғимарат шатырының бір бөлігі қирап, қабатаралық жабындары опырылды.
Соңғы мәліметке сүйенсек, жарылыс кезінде алты адам, соның ішінде бір бала қаза тапқан. Тағы бес адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Олардың бірі — жарылыс болған пәтердің иесі. Қазір оның жағдайы өте ауыр.
Іздеу-құтқару операциясы шамамен 15 сағатқа созылды. Ғимараттың қайта опырылып кету қаупі сақталғандықтан, құтқарушылар үйінділерді қолмен ашып, іздеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде үш жасар қыз үйінді астынан тірідей құтқарылды. Грузия БАҚ-тарының хабарлауынша, бүлдіршіннің жағдайы қанағаттанарлық.
Тбилиси мэриясының мәліметінше, ғимараттағы алты кіреберістің екеуі тұруға жарамсыз деп танылған. Ондағы 28 отбасы уақытша қонақүйлерге көшірілді.
Сондай-ақ оқиғаға байланысты Грузия Қылмыстық кодексінің 240-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бапта құрылыс, тау-кен және өзге де жұмыстар кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Бұған дейін Нью-Йоркте ғимарат опырылып, бір адам қаза тапқаны хабарланған болатын.