Грузияда митинг ұйымдастырғандарға билікті құлатуға әрекет жасады деген айып тағылды

Фото: x.com/mari_nikuradze

АСТАНА.KAZINFORM - Грузияның бас прокуратурасы Тбилисиде 4 қазанда өткен шеру ұйымдастырушыларының бесеуіне үкіметті құлатуға шақырды және конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге әрекет жасады деген айып тақты.

- Грузия Бас прокуратурасы Паата Бурчуладзе, Муртаз Зоделава, Иракли Надирадзе, Паата Манджгаладзе және Лаша Беридзеге топтық зорлық-зомбылықты ұйымдастырды және оған жетекшілік етті, стратегиялық және арнайы нысанды басып алуға әрекеттенді, конституциялық құрылысты күшпен өзгертті және мемлекеттік билікті жоюға шақырды деген айып тақты.

Бас прокуратураның мәліметінше, айыпталушылар тоғыз жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Тбилисиде 4 қазанда муниципалитет сайлауы күні «бейбіт төңкеріс» туралы мәлімделген наразылық акциясы өтті. Ұйымдастыру комитеті Грузияның қазіргі үкіметін заңсыз деп танып, «билікті бейбіт жолмен беруді» талап етті. Саяси кеңес ұйымдастырушыларының шақыруы бойынша кейбір демонстранттар негізгі наразылық алаңынан шамамен бір шақырым жерде орналасқан президент резиденциясына басып кіруге әрекеттенді.

Арнайы жасақ шерушілерді көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарын қолданып, кері ығыстырды. Жақын маңдағы көшелерде демонстранттар бар мен мейрамхана жабдықтарын пайдаланып, баррикадалар тұрғызды. Сол жерден полицияға отшашулар мен тастар лақтырылды.

Кейін Тбилисидегі наразылық білдірушілер президент сарайына іргелес аумақты тастап кетті.

Премьер-министр Ираклий Кобахидзе тәртіпсіздікті мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп атады.

Грузия Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, «Грузин арманы» партиясы барлық муниципалитетте өткен сайлауда 81 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жетті. Алайда сайлауға қатысушылар саны өте төмен болды.

Сайлау ЕҚЫҰ-ның халықаралық бақылаушыларынсыз өтті.