Грузияда Ұлттық гастрономия агенттігі құрылды

АСТАНА.KAZINFORM — Грузияда 2026 жылғы 20 шілдеден бастап Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде жұмысын бастайтын Ұлттық гастрономия агенттігін құру туралы шешім қабылданды. Тиісті қаулыны ел үкіметі бекітті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Фото: Business Media

Ведомствоның мәліметінше, жаңа құрылым елдің гастрономиялық мұрасын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету, сондай-ақ осы салада бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптастыру мақсатында құрылып отыр.

Агенттіктің негізгі міндеттеріне ұлттық аспаздық дәстүрлерді зерттеу және насихаттау, дәстүрлі өнімдерді құқықтық қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік құрылымдар мен сала өкілдерінің өзара іс-қимылын үйлестіру, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру кіреді.

Елдің материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген дәстүрлі өнімдерді сақтау мен қорғауға ерекше назар аударылады. Олардың қатарында қыш құмыра — квевриде шарап өндіру технологиясы, дәстүрлі тенили ірімшігі, чурчхела, дамбалхачо және ұлттық гастрономиялық мұраның бір бөлігі саналатын өзге де өнімдер бар.

Сондай-ақ Грузия шарап жасаудың ең көне елдерінің бірі саналады. Бұл кәсіптің тарихы шамамен сегіз мың жылды қамтиды. Бұл фактор халықаралық нарықтағы елдің маңызды артықшылығы ретінде қарастырылып отыр.

Грузия тарапының бағалауынша, жаңа агенттіктің қызметі жергілікті өндірушілерді қолдауға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, гастрономиялық туризмді одан әрі дамытуға және ұлттық өнімнің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Бұған дейін Грузияның грузин лариінің цифрлық баламасы — GELt шығаруды жоспарлап отырғаны хабарланған еді.

Айта кетелік Грузия неке арқылы елде тұруға рұқсат алу ережелерін қатаңдатқан еді