Ал Тбилисидегі Глдани түрмесінде адам саны белгіленген межеден 742 адамға асып кеткен.
Грузия Ұлттық статистика қызметінің (Сакстат) мәліметінше, қыркүйек айында Тбилисидегі № 8 түрмеде 2 426 адамға арналған орынға 3 168 тұтқын орналастырылған. Ксани ауылындағы № 15 мекемеде 1 604 орынға 2 159 адам қамалған. Сондай-ақ Кутаисидегі № 2 түрмеде белгіленген 1 068 орыннан 292 адам артық отырған.
Дегенмен елдегі түрмелердің жалпы сыйымдылығы әзірге шектен асқан жоқ. Қыркүйекте 14 түзеу мекемесінде 12 548 орынға шаққанда 12 375 адам жазасын өтеген. Ал тұтқындар саны жыл басынан бері 1 145 адамға, тамыз айымен салыстырғанда 63 адамға артқан.
Билік жекелеген түрмелердегі адам санының шамадан тыс көбеюін тұтқындарды ұстау режиміне, тергеу мәртебесіне және соттардың орналасуына қарай бөлумен байланыстырады. Бұдан бөлек сотталғандардың артуына есірткі қылмыстарына қарсы күрестің күшеюі себеп болған.
Бұған дейін елімізде түрмеден шыққандардың қайта қылмыс жасамауы үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын жазған едік.