Guinness төрешісі: Астана AI саласының маңызды орталықтарының біріне айналып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада HackAlem AI халықаралық хакатоны өтіп жатыр. Іс-шараға Guinness World Records ресми төрешісі Гленн Поллард қатысып, Қазақстан мен Астананың жасанды интеллект саласындағы дамуына тоқталды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның айтуынша, әлемде жасанды интеллект туралы сөз болғанда көбіне АҚШ, Қытай мен Жапония аталады. Алайда Қазақстан да бұл бағытта белсенді дамып келеді.

— Қазақстанның, әсіресе Астананың жасанды интеллектіні дамытуда маңызды рөл атқарып келе жатқанын нақты айта аламын. Жаңалықтардан АҚШ, Қытай, Жапония және басқа елдер туралы жиі естиміз. Бірақ Қазақстан, әсіресе Астана қазір AI саласында белсенді даму кезеңінде, — деді Гленн Поллард.

HackAlem AI аясында әлемдік рекордты жаңарту көзделіп отыр. Қазіргі Guinness World Records көрсеткіші Үндістанға тиесілі. Ол былтыр желтоқсанда орнатылған, сол кезде хакатонға 2 089 адам қатысқан.

Астанада өтіп жатқан хакатонға 2 500 қатысушы қатысып жатыр. Дегенмен қатысушылар санының рекордтан асуы жаңа нәтижені тіркеуге жеткіліксіз. Guinness World Records талаптарына сәйкес әр қатысушы белгіленген ережелерді толық орындауы керек.

— Бір қарағанда, рекордты жаңарту оңай сияқты көрінеді. Алайда белгілі бір талаптар бар. Қатысушылар хакатон барысында төрт-бес сағат жұмыс істеп, жұмыс орнын бір сағаттан артық уақытқа тастап кетпеуі қажет. Тастап кеткен жағдайда ол жарыстан шығарылады. Бұдан бөлек, іс-шараның соңғы бір сағатында барлығы өз орнында болуы тиіс, — деді ресми төреші.

Гленн Поллардтың пікірінше, Guinness World Records атағын иелену хакатонның нәтижесімен ғана шектелмей, Қазақстандағы AI саласының дамуына халықаралық назар аударуға мүмкіндік береді.

— Бұл Қазақстанның әлемде жасанды интеллектіні дамытуда маңызды рөл атқарып отырғаны туралы ақпаратты кеңірек таратуға және оған қосымша қызығушылық тудыруға көмектеседі деп ойлаймын, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш іс-шара аясында Arizona State University-дің жаһандық серіктестіктерді дамыту және халықаралық академиялық бастамалар бағытының аға директоры Крис Джонсон Қазақстандағы білім беру мүмкіндіктері туралы айтып берген еді.