Гүлмира Сатыбалданың ісі: жәбірленуші айыпталушымен бірлескен жобалары туралы айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Гүлмира Сатыбалдаға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Жәбірленуші Қасым Жүнісов айыпталушының көрсеткен көмегі туралы айтты.
Айтуынша, Гүлмира Сатыбалды мен ағасының компаниясы мемлекеттік нысандар салған. Қасым Жүнісов 2011 жылы ағасы Абай Жүнісовтің шақыруымен Baur Kazakhstan компаниясына жұмысқа орналасқан.
«Абай маған өз қаражатына серіктестік құрғанын, оның үлескері үш адам болатынын айтты. Сондай-ақ ол маған Гүлмира Сатыбалдының бізге әкімшілік ресурспен көмектесетінін жеткізді. Біз оған сендік, себебі ол Қайрат Сатыбалдымен және ҚР Тұңғыш Президентінің отбасымен жақсы қарым-қатынаста болды. Бірге жұмыс істегенде бізге жақсы көмектесті. Біздің бірінші жобамыз 1200 орындық мектеп болды. Біз жобаны екі жылда сәтті аяқтадық. Екінші жобамыз – екі НЗМ мектебі (Назарбаев Зияткерлік мектептері). Оның қаржысы біріншісінде – 4,5 млрд теңге, екінші мектеп бойынша – 3,7 млрд теңге. Сондай-ақ мұз айдыны – 24 млрд теңге. Бұл жобаларда қиындықтар болған жоқ. Біз оны уақытында аяқтадық. Мұз айдынына қатысты Назарбаевтың өзі келіп, қабылдады. Сондай-ақ, 2015 жылы Қалқамандағы НЗМ-нің ашылуына Бауыржан Байбек (Алматы қаласының экс-әкімі) келген. Екеуміздің суреттеріміз бар», - деді ол.
Жәбірленуші Қасым Жүнісовтің адвокаты Олжас Карбозин қылмыстық іс материалдарына жоғарыда аталған нысандарды ашу кезінде түсірілген фотоларды енгізуді сұрады.
Адвокат Рашид Теңізбаев Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек пен ҚР Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түсірілген суреттерде ағайынды Жүнісовтер Гүлмира Сатыбалды, Батырбеков, Қабеновтар да бар екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл фотосуреттер жобалар бойынша заң бұзушылықтар мен құқықтық даулардың жоқтығын растайды.
«Заң бұзушылықтар, сот даулары, қарыздар, келеңсіздіктер болса, Президент келіп қабылдамас еді», - дейді адвокат.
Жәбірленуші бұл фотосуреттермен жобалардың уақытында аяқталғанын дәлелдегілері келетінін айтты. Қорғаушы тарап та өтінішті қанағаттандыруды сұрады, судья оны қанағаттандырды.
Бұған дейін жәбірленуші, оларды шындық детекторымен тергеу жүргізгенін жеткізген еді.
Алдынғы сот отырысында кәсіпкер Абай Жүнісовтің ағасы Алтай Жүнісовтың сөйлеген болатын.
Еске салайық, Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Онымен бірге оның көмекшісі әрі жүргізушісі Мәди Батыршаев та отыр.