Бұрынғы күйеу балаң екенімді жасырмаймын: Жәбірленуші Гүлмира Сатыбалдыға жауап берді

Я не скрываю, что являюсь вашим бывшим зятем: потерпевший ответил Гульмире Сатыбалды в суде
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша негізгі сот процесі жалғасып жатыр.

Сот отырысында жәбірленуші, кәсіпкер Абай Жүнісов айыпталушы мен судьяның сұрақтарына жауап берді.

«Ол үнемі Назарбаевтың бұрынғы келіні екенімді еске салады. Олай болса, неге өзінің менің бұрынғы күйеу балам екенін әр сөзінде айтпайды? Оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалса, мен сондай күшті, қолында билігі бар адам болсам, неге сол істер жабылып қала берді? Сөзім жоқ», — деді Гүлмира Сатыбалды.

Судья айыпталушыдан заңды сұрақ қоюды өтінді. Одан кейін Сатыбалдының адвокаты жәбірленушіге қатысты істердің неліктен жабылғанын түсіндірді.

«Мен сіздің бұрыңғы күйеу балаңыз екенімді жасырмаймын. Сіз бұрынғы күйеуіңіз Қайрат Сатыбалды сияқты беделді адамдарға сүйеніп, әрекет еттіңіз. Маған қатысты істер неге жабылды, себебі менің қатысым бар екені дәлелденбеді», — деп жауап берді Абай Жүнісов.

Судья жәбірленушіден Банк ВТБ талабы туралы толығырақ айтып беруін сұрады.

«Бүгінгі күні Мәскеудің Мещанский соты менен қарызды өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Менің банк алдында берешегім бар. Бүкіл шоттарым бұғатталған, олар биылдан бастап тәуелсіз сот орындаушылар арқылы мүліктің бәрін өндіріп алу үшін үстімнен сотқа шағым түсірді», — деді Жүнісов.

Бұл іс туралы толығырақ Жүнісовтің адвокаты Рашид Теңізбаев айтып берді.

Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жүнісовтің Сатыбалдымен бірге иелік етіп, компания салған «Восточка» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысы бар ВТБ банк эпизодына байланысты істі тергеп жатқанын жеткізді.

Қорғаушының айтуынша, олар сол кезеңдегі шенеуніктердің, атап айтқанда, олардың пікірінше, алаяқтық схемасына қатысқан банктердің бірінің, әкімдік пен квазимемлекеттік ұйым өкілдерінің жауапкершілігі туралы мәселе көтеріп отыр.

«Эпизод ауқымды, күрделі, ол 24 үйдің құрылысына байланысты. Құрылысты қаржыландырған уақытта Абай Жүнісов заңсыз түрмеде отырған. Сол кезде Сатыбалды Мәскеуге ұшып барып, ВТБ банкінің өкілдерімен қаржыландыру мәселесін ақылдасқан. Сонда банк Сатыбалдының сенімді өкілдерінің компанияны тиімсіз басқаруынан құрылыстың тоқтап қалуына байланысты оны қаржыландырған, бірақ Жүнісовтің жеке кепілдігімен оны есептен шығарған. Олар Жүнісов бәрінен хабардар және өзі келіскен деп көрсеткен. Нәтижесінде Гүлмира Сатыбалды банктің ақшасын өз пайдасына аударып алған да, „қарыз“ деп Жүнісовке жазып кеткен. Сосын ВТБ Мәскеуде сотқа шағым түсіріп, сот шешімімен Жүнісовтен 7,8 миллиард теңге өндіріп жатыр. Банк өкілдері Бостандық сотына шағым түсірді, ал біздің сот бұл шешімдердің күшін жойды», — деді жәбірленушінің қорғаушысы.

Бұған дейін кәсіпкер Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалды бірлескен серіктестікте ұрлық жасады деген күдікпен кінәсін мойындауды талап етіп, 2019 жылдың ақпанынан бері үйінде заңсыз қамауда ұстағанын айтқан еді. 

Айта кетейік, алдын ала тыңдау кезінде, айыпталушы Г. Сатыбалды алқабилер сотына қатыспайтынын жеткізген болатын. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Гүлмира Сатыбалды біреудің мүлкін иемдену және жымқыру қылмыстық ісі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram