Гуманоид робот алғаш рет лапароскопиялық ота жасады

АСТАНА.KAZINFORM — Қытайлық Unitree Robotics компаниясының адамтектес роботтары хирургтардың қатысуымен тірі шошқаның өт қабын сәтті алып тастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.

Фото: Handout

Тәжірибе үшін Калифорния университетінің (Сан-Диего) ғалымдары биіктігі 1,5 метр және салмағы 27 келі болатын қытайлық Unitree G1 роботын өзгертіп, оны стандартты хирургиялық құралдарды ұстауға арналған арнайы адаптерлермен жабдықтады.

Мамандар шошқаға екі минималды инвазивті лапароскопиялық өт қабын алып тастау операциясын жасады. Бірінші тәжірибеде бір робот хирургқа көмектесті, ал екіншісінде екі гуманоид робот процедураны бірлесіп орындады.

Сәтті нәтижеге қарамастан, роботтың дірілдеген қозғалысына байланысты операция ұзаққа созылды. Операция кезінде қан кету мен өттің ағуы да болды, бірақ хирургтар жануарға ешқандай зиян келтірмеді.

1997 жылы алғашқы роботтық лапароскопиялық хирургия алты сағатқа созылды, бірақ заманауи гуманоидты роботты пайдалану бұл уақытты небәрі 30 минутқа дейін қысқартты.

Бұған дейін Hyundai өз зауыттарына 30 мың адамтектес робот орналастыратынын хабарлаған едік.