Ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізуге қатысты Астана және Алматы қалаларында брокерлік кеңселер құрылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізуге қатысты Астана және Алматы қалаларында брокерлік кеңселер құрылмақ. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті. Еске салайық, комитетте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

«Халықаралық банк қолдау білдіріп отырған Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы аясында технологиялық коммерцияландырудың ықпалын біріктіру шаралары қамтылады. Оның өзі төрт бағыттан тұрады. Атап айтқанда, бірінші бағытта - арнайы венчурлық қор құру қарастырылады. Нақтылап айтқанда, арнайы қор құрылмайды, дегенмен, бүгінгі таңда қызмет етіп жатқан жекеменшік қорды конкурс бойынша таңдап аламыз. Ол қор 10 млн долларымен жобаға енетін болады және халықаралық қаражаттан тура сондай сома қосылып, екі жақтан стартап компанияларды қолдайтын болады», - деді Т. Балықбаев.

Оның айтуынша, жоба аясында технологиялық келісімшарттарды жолға қою үшін брокерлік кеңселер құрылады. Ондағы басты идея - брокерлер арқылы ғылыми зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізу болып табылады. «Осыған орай, Алматы және Астана қалаларында брокерлік кеңселер ашылады. Айта кетерлігі, былтырғы жылы қолға алынған бастапқы жоба бойынша брокерлік кеңселерде жұмыс істейтін мамандар даярланды», - деді Т. Балықбаев.