Халал стандарты: ет өнімінің экспорты 50 пайыз өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі жылда ет экспорты өскенін айтты.

Фото: Ербол Жанат/Kazinform

- Ұлттық стандарттар отандық өндірушілерді қорғау үшін қолданылады. Жаңа стандарттың арқасында цемент өнімінің өндірісі 1,5 есе артты. Дәл осындай жұмыс тас өңдеу, панельдер мен полимерлік құбырлар бойынша жүргізілді. Аграрлық секторда «Халал» стандарттарды енгізе отырып, отандық ет өнімінің экспорты екі жылда 50 пайызға өсіп, шамамен 170 млн АҚШ долларына жетті, - деді А.Шаққалиев.

Оның айтуынша, тауарларды толық қадағалау үшін ұлттық тауарлар каталогының базасында «Сауданың цифрлық айнасы» бірыңғай цифрлық жүйесі қалыптастырылып жатыр. Ұлттық тауарлар каталогына 85 мың тауар мен көрсетілетін қызмет түрі енгізілген, 67,7 мың пайдаланушы тіркелген және 30 млн тауар цифрландырылған.

- Ұлттық каталог мемлекеттік сатып алу порталымен, электрондық шот-фактуралар, кедендік, «1С» жүйесімен, сондай-ақ сауда желілерімен және маркетплейстермен интеграцияланған. Отандық тауар өндірушілердің тізілімімен интеграциялау аяқталуға жақын. Осының нәтижесінде біз қазақстандық тауарлардың толыққанды дерекқорын қалыптастырамыз. Бұл тауарлар қозғалысы, баға динамикасы, ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі туралы объективті ақпарат алуға және мемлекеттік қолдау шараларын атаулы түрде қолдануға мүмкіндік береді. Прототип әзірленді, оны өнеркәсіпте пайдалануға енгізу дайындығы жүргізіліп жатыр, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, жарты жылда ішкі тауар айналымының көлемі 36,2 трлн теңге болды.