Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім етті.
Иван Степанович 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алды.
Майдан даласында Польшаны, Чехословакияны, Украинаны азат етуге атсалысты. Мәскеуде өткен әйгілі Жеңіс шеруіне қатысты.
Соғыстан кейінгі жылдары прокуратура органдарында еселі еңбек етті. Оның ерлікпен, еңбекпен өрілген өмір жолы – қайсар рух пен отансүйгіштіктің озық үлгісі.
- Ағамызға амандаса барғанда, үнемі ақ батасын беріп, елдің амандығын, жердің тұтастығын тілеп отырушы еді. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге де ерекше үлес қосты.
Гапичтер әулетіне, жалпы өңір тұрғындарына қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Марқұмның ерлігі мен жарқын бейнесі ел жадында сақталады, - деп жазды өңір басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Иван Гапичке «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені табыс етілгенін жазған едік.
Сондай-ақ Оралда Халық қаһарманы Иван Гапичтің ерлігі мен еңбегі дәріптелді.