Оралда Халық қаһарманы Иван Гапичтің ерлігі мен еңбегі дәріптелді
ОРАЛ. KAZINFORM — Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Орал қаласындағы эстетикалық бағыттағы гимназияда Халық қаһарманы Иван Гапичке арналған «Ардагерім – ардағым» атты кеш өткізілді.

Оған арнайы қатысқан батырдың немересі Игорь Гапичтің айтуынша, өскелең ұрпаққа патриоттық рухта тәрбие беру үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор.

— Атамның өзі ауруханада емделіп жатқандықтан, қатыса алмады. Атам мектеп партасынан бірден майданға аттанып, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. Соғыс біткеннен кейін ең таңдаулылардың қатарында Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысты. Жас ұрпақ майдангерлер ерлігін ұмытпай, оларды құрмет тұтып, еліміздің тарихын білуі тиіс, — деді Игорь Гапич.


Соғыс және прокуратура ардагері, биыл 102 жасқа толған Иван Степанович 1923 жылы 2 ақпанда Ақмола (қазір Астана) қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ол бес жасқа толғаннан кейін ата-анасы Қарағанды қаласына көшкен.
Иван Гапич мектепте жақсы оқумен бірге спортпен де айналысқан.

Өзінің еске алуына қарағанда, соғыстың басталғаны туралы хабарды Алматыға облыс құрамасы сапында спорттық гимнастикадан республикалық жарысқа пойызбен бара жатқан кезде естіген.
Жарыс өтпей, Қарағандыға қайтып келген ол 9-сыныпты жаңа бітірген мектептегі құрдастарымен бірге әскери комиссариатқа барып, бірден майданға сұранған. Бірақ жастары толмағандықтан, оларды әскерге алмаған. Дегенмен бір жас қостырып жаздырып алған Иван Гапич ақыры дегеніне жетеді.

1941 жылдың тамыз айында ант қабылдаған жас сарбаз Ташкенттегі әскери мектепте радиотелеграфистер курсын тәмамдаған. Сол жылдың қараша айында Батыс майданның штабын байланыспен қамтамасыз еткен 375-дербес радиодивизионға жіберіледі.
1942 жылы қаңтардың аяғында Иван Гапич Смоленск облысына жау тылында радиотелеграфист міндетін атқаруға аттанады. Ерекше отряд жауынгерлері жау эшелондарын Шығысқа өткізбеу үшін диверсиялық ұрыстар жүргізеді. Міне, сондағы ерлігі үшін Иван Гапич алғашқы наградасы — «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

«Багратион» операциясынан кейін аталған радиодивизион Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, Оршанский атауын алды. Дивизион сапында Белоруссия, Литваны азат етіп, Кенигсбергті алуға қатысқан майдангер үшінші дәрежелі Даңқ, екінші дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз орденін өңіріне тағады. Майданда дәл жанына снаряд түсіп, ауыр жаралы да болады. Оны медсанбат дәрігерлері құтқарып қалады.

1945 жылы 24 маусымда 1-Балтық майданының құрама полкі сапында аға сержант Иван Гапич Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңіс шеруіне қатысады. 2010 жылы ол батысқазақстандық соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиевпен бірге Жеңістің 65 жылдығына орай Мәскеуде өткен шеруге де барды.
Әскер қатарынан босаған Жеңіс сарбазы Қарағандыға 1947 жылы оралды.
Лев Шейниннің «Тергеушінің жазбалары» кітабын оқығаннан кейін заңгер боламын деп шешкен Иван Гапич Алматы заң институтын 1951 жылы бітірген соң Қарағандыға жолдама алды.

Осылайша, Иван Степановичтің прокуратура саласындағы ұзақ жылғы қызметі басталды. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры, Қазақ КСР прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болды. Ал 1966 жылдан 1986 жылы зейнетке шыққанға дейін Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Басқа жерлерге шақырғанмен, осы өлкеден табан аударған жоқ.

Гимназияда өткен іс-шарада БҚО прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев Халық қаһарманы Иван Гапичтің ерлігі мен еңбегі көпке үлгі екенін атап көрсетті.

— Иван Гапич 20 жыл бойы облыс прокурорының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, өзге өңірдің тумасы болса да, Орал қаласында тұрақтап қалды. Біз ардагерлерімізге әрдайым құрмет көрсетеміз. Облыс прокуратурасындағы музейдің бір бұрышында Иван Степановичке арнайы орын берілген. Кейінгі буынға біз осындай үлгі-өнеге көрсете беруіміз керек, — деді прокуратура саласының ардагері Айман Оңаева.
Эстетикалық бағыттағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Бисенғалиева айрықша айта қаларлықтай ерлігі мен еңбегі бар Жеңіс сарбазының өмір жолымен танысқандарына қуанышты екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Иван Гапичке Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені табыс етілгенін жазған болатынбыз.