Халық Кеңесін құруға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2027 жылы Халық Кеңесін құруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтып берді.

Фото: Kazinform

Спикердің айтуынша, 2027 жылы қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтер бағытына 4,9 трлн теңге бөлу көзделген.

Шығыстардың негізгі бөлігі, яғни 3,3 трлн теңге күш блогына тиесілі және мемлекеттік басқаруға 787 млрд теңге қарастырылған.

– Үкіметтің резерві 370 млрд теңге мөлшерінде және Президенттің бастамаларына - 470 млрд теңге көлемінде резерв қалыптастырылды, – деді Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда өткен бюджет таныстырылымында.

Қосымша қаражат мына бағыттарға бөлінеді:
- 95 млрд теңге – күш органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдеріне;
- 2,3 млрд теңге – Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің санын арттыруға
- 1,7 млрд теңге – Қазақстан Халық Кеңесін құруға көзделген.

Жалпы осы бағыт бойынша қосымша шығыстар шамамен 89 млрд теңгені құрайды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталатынын айтқан еді.

Айта кетейік, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды.