— Егер Құрылтай заң шығарушы биліктің негізгі саяси институты болса, Халық кеңесі — консультативтік орган. Оның саяси жүктемесі Құрылтайдікіндей емес, Халық кеңесі биліктің тармағына жатпайды. Бұл — консультативтік орган. Бірақ Халық кеңесінің бірқатар құқығы бар. Ол заңға бастамашы бола алады. Бұрын мұндай құқық Үкімет, Парламент және Президентте болды. Енді заң шығаруға төртінші бастамашыл субъект ретінде Халық кеңесі құрылды. Сонымен бірге, ол жалпыұлттық референдум өткізу бойынша да бастамашы бола алады. Осы тұста Халық кеңесінің саяси салмағын байқауға болады, — деді саясаттанушы.
Сонымен қатар, ол заңға бастамашы болу құқығы Халық кеңесіне не беретінін айтты.
— Халық кеңесіне тағайындалған азаматтар әртүрлі страталардың өкілдері болады. Мысалы, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық кеңестердің, қоғамдық ұйымдардың т. б. өкілдері Халық кеңесіне тағайындалады. Қоғамның әртүрлі қатпарынан шыққан 126 мүше экология, балалар құқығы т. б. сан алуан мәселені көтереді. Олар өңірлердегі әртүрлі түйткілді көтеріп, заңға айналдыру үшін ұсынады. Ары қарай Құрылтай жұмысқа ала ма, әлде қосымша өңдей ме, шешеді. Ең бастысы, Халық кеңесі жұрт мәселесін көтеріп, жеткізеді, — деді Индира Рыстина.
Айта кетейік, бұған дейін саясаттанушының вице-президент — көмекші институт деген пікірін жариялағанбыз.