Халық Кеңесінің үштен бірі — этномәдени бірлестік өкілдері: Достық үйлері жұмысын жалғастырады

АСТАНА. KAZINFORM — Этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кірді. Бұл Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны этномәдени бірлестіктердің елдің орнықты дамуына қосатын үлесінің маңызды көрсеткіші ретінде атады.

Фото: assembly.kz

Бұрын Парламент квотасына сай, Сенатқа Қазақстан халқы ассамблеясының 5 мүшесі ғана өтетін. Ал енді Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі кірді.

— Яғни олар Кеңес мүшелерінің үштен бірін құрайды. Еліміздің орнықты әрі табысты дамуы тұрғысынан ҚХА миссиясының маңызды екеніне осы айқын дәлел болады. Қазіргі міндетіміз — өнімді жұмыс істеу. Ең алдымен, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту тәсілдерін жоғалтпай, оны одан әрі жалғастырып әкеткен жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.

Президенттің айтуынша, Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымы әзірленетін орталық бола алады.

Басқаша айтқанда, Халық Кеңесі этномәдени бірлестіктер мен осы салада қызмет ететін басқа да қоғамдық ұйымдарды бір мақсатқа біріктіруі керек.

— Өңірлік деңгейде Достық үйлерінің жанынан ашылған «Қоғамдық келісім» желісі жұмысын жалғастырады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері жергілікті қоғамдық кеңестердің құрамына кіріп, Қазақстан Халық Кеңесіндегі тұрақты комитеттердің, салалық комиссиялардың және консультативтік-кеңес органдарының жұмысына қатыса алады. Алайда жаңа мүмкіндіктер айрықша жауапкершілік жүктейтінін де ескерген жөн. Дұрыс шешімді талап ететін түйткілдер шаш етектен, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент бір жылда Қазақстанда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атады.

Сондай-ақ Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды.