Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – басты міндет

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылда халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Соңғы екі жылда Қызылорда облысында тұрғындардың орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98,1 пайызға жетті, деп хабарлайды Kazinform облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото: egemen.kz

Бүгінде аймақтағы 230 ауылдың 198-і ауызсу жүйесіне қосылған. Қалған 32 ауылда 8 мыңнан астам адам қоныстанған. 32 елді мекенге қатысты кезеңдік жоспар жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Республикалық бюджеттен 8 елді мекенге су желісін тарту және жергілікті бюджеттен 24 елді мекенге су тұщытқыш қондырғылар орнату жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, осы жылы аймақты жаппай газдандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылды. Шалғай орналасқан елді мекендерге газ желілері тартылып, табиғи газға қосылды. Осының нәтижесінде
12 ауылдық елді мекен, яғни 40 мыңнан астам тұрғынның газ мәселесі шешіліп, игілігін көруде. Осылайша, өңірде газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетті. Сондай-ақ, осы жылы 26 газбен жабдықтау жобасына 9,3 млрд теңге бөлінді.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Келер жылы 4 млрд теңгеге 12 елді мекен көгілдір отынға қосылып, газдандырылу деңгейі 78 пайызға жеткізіледі.