Жалпы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов «Халық үні» әлеуметтік жобасы туралы өткен айдағы баспасөз мәслихаттарының бірінде кеңірек айтып берген еді. Вице-министрдің айтуынша елімізде түрлі әлеуметтік мәселелермен айналысатын 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бірақ нақты істердің басында белсенділік көрсетіп жүргендердің саны 5 мыңнан аспайды. Бұл дегеніміз қаншама бастама мен әлеуметтік мәселе өз белсендісін таппай жүргенін білдіреді. «Халық үні» жобасының тұсаукесері жақында хакім Абайдың киелі топырағында өткен еді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омарова 20 қараша «Халық үні» жобасының мүшелері Ақтөбеге баратынын жария етті.
«Мақсатымыз - халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілді мәселелерді таразылау. Ендеше, жел сөзге желікпей, қаңқу сөзге елікпей, түйткілді мәселелерді бірігіп шешейік! Жобаның ресми әріптестері Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Altyn Qyran» қоғамдық қоры, «Human rights lawyers» қоғамдық қоры! Ақтөбе қаласы, Достық үйі Сәнкібай батыр көшесі 20-үй, сағат 13.00-де баршаңызды асыға күтеміз!» - деді Айман Омарова.