ХАМАС Газадағы атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін растады
АСТАНА. KAZINFORM — Палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін растады, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл мәлімдеме радикалды топтың Telegram-каналында жарияланған.
— ХАМАС Шарм-эль-Шейхте байыпты және жауапты келіссөздер жүргізді. Оның қорытындысы бойынша Газа секторындағы соғысты тоқтату туралы келісімді жариялауға дайын. Біз Қатар, Мысыр және Түркиядан келген делдалдардың жұмысын жоғары бағалаймыз. АҚШ президенті Дональд Трампқа соғысты тоқтатуға және Газа секторынан оккупация күштерін толық шығаруға қол жеткізгені үшін алғыс айтамыз, — делінген хабарламада.
Ұйым құжатта Израиль әскерлерін шығару, анклавқа гуманитарлық көмек ағыны және израильдік кепілге алынғандарды палестиналық тұтқындарға айырбастау қарастырылғанын хабарлады. Осыған байланысты ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамптан, келісімге кепіл беруші мемлекеттерден, сондай-ақ араб және ислам елдерінен Израильді келісім бойынша барлық міндеттемелерін орындауға міндеттеуді және бұл мәселеде ешқандай кідірістерге жол бермеуді сұрады.
Сонымен қатар ұйым Палестина халқының құқықтарынан, оның ішінде «бостандық, тәуелсіздік және өзін-өзі билеу құқығынан» бас тартпайтынын растады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС бейбітшілік жоспарының бірінші кезеңі бойынша келісімдерге қол қойды деп сүйіншіледі.