ХАМАС Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына зымыран жіберді

Фото: Фото: pixabay.com.

Газа секторынан атылған зымырандардың бірі Тель-Авивтегі Бен-Гурион халықаралық әуежайының маңына түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан кадрлар тарап жатыр.

Әзірге зардап шеккендер мен бүлінген нысандар туралы ресми ақпарат жоқ. Азия әуе компаниялары Израильге ұшатын рейстерді тоқтатып жатыр.

Азиядағы бірнеше әуекомпания елдегі қауіпсіздік жағдайы төмен екенін ескеріп, Израильге ұшатын рейстерді тоқтатты. Қытай мен Израиль арасында рейсі бар жалғыз қытайлық әуе компаниясы – Hainan Airlines дүйсенбі күні Шанхай мен Тель-Авив арасында рейстер ұшпайтынын хабарласа, Cathay Pacific те сейсенбі күні Гонконг пен Тель-Авив арасында ұшуы керек рейсті тоқтатты.

Korean Air Инчхон портты қаласы мен Тель-Авив арасындағы рейсті тоқтатып, алда рейстер тұрақсыз болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Сдерот қаласында әлі де Израиль аумағында болуы мүмкін ХАМАС әскерін іздеу жұмыстары жүріп жатыр.

Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырғанын еске сала кетейік.

Израиль әскерінің ресми өкілі қазір барлық елді мекенді бақылап отырғанын, Израиль аумағында әскери іс-қимыл болып жатпағанын мәлім етті. Дегенмен ол Израиль аумағында әлі де Хамас әскері болуы мүмкін дейді.