Хасан Қасымбаев соты: айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді

Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге де күдіктілерге байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Айыпталушылар орындығында Хасан Қасымбаевтан бөлек тағы 5 адам бар. Одан бөлек сот отырысына айыпталушылардың адвокаттары — Ерлан Құланбаев пен Назгүл Тәукенбай, сондай-ақ екі жәбірленуші қатысып отыр.

Сотта тараптар таныстырылғаннан кейін адвокаттар прокурорды ауыстыруды өтініп, қарсылық білдірді. Судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қарау үшін үзіліс жариялады.

Былтыр қараша айында Хасан Қасымбаев қамауға алынды.

Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылып отыр.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов кәсіпкер Хасан Қасымбаевқа қатысты түсінік берді.

Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.

Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы осы жылдың 21 шілдесінде істі айыптау актісімен облыс прокуратурасына жолдаған. Ал облыс прокуратурасы 29 шілдеде іс бойынша құрылған айыптау актісін бекітіп, істі негізінен қарау үшін Талғар аудандық сотына жолдады.