«Хуторские» тобы: Хасан Қасымбаевқа қандай айып тағылып отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады, деп хабарлайды Kazinform.
Бас прокуратура азамат А.Әлімовті ұрлау және ұрып-соғуға қатысты қылмыстық істерді қайта қарады. Қылмыс 2021 жылдың 17 маусымында Талғар қаласы Рысқұлов көшесіндегі «Виктория» кешенінің алдында болған. Белгісіз біреудер жәбірленушіні соққыға жығып, Audi-C4 көлігімен ұрлап әкетті. Ол дене жарақаттарымен орталық облыстық ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер алдын ала «бас миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы және екі жағынан параорбитальды гематома» диагнозын қойды.
Тергеу нәтижесінде қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталды: Қалымжанов М., Ақтанов С., Сұлтанбеков Н., Қуанышбеков С., Аукенов Қ. және Әлиев Р. Қалымжанов М., Ақтанов С. және Әлиев Р-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 125-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс Талғар аудандық сотына жіберілді. Алайда олар шартты түрде сотталды.
Қылмыс 2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Ават ауылында болған жанжалдан кейін кек алу мақсатында Хасан Қасымбаевтың нұсқауы бойынша жасалғаны анықталды. Жанжал кезінде атыс қаруы қолданылды. Еңбекшіқазақ аудандық сотының үкімімен М.Қалымжанов пен оның сыбайластары шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты прокуратура ҚР ҚК-нің 125-бабы («адам ұрлау») және 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс тіркеп, оны Алматы облысы полиция департаментінің қарауына жіберді.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Сондай-ақ Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды. Ал, Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.
Артынша марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.
Осыған дейін атышулы Хасан Қасымбаевтың ұсталғаны туралы жаздық.