«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысының полициясы Хасан Қасымбаевты қамауға алды. Бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін талғарлықтар оны «Хуторские» тобының басшы болуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, биыл 2 қараша күні Х.Қасымбаев 2021 жылы маусымда А. атты азаматты ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
- Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық жағдайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Хасан Қасымбаев қылмыстық топтың жетекшісі болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарағаннан кейін ол бейнеүндеу жариялаған болатын. Онда Қасымбаев ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін айтты.
Бұған дейін 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмғанын жазғанбыз.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғалды.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Полат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.