Талғардағы кісі өлімі: прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтын болады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Болатқа қатысты сот процесін онлайн өткізу туралы өтініш береді.

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов
Фото: Видеодан скрин

«Жәбірленушілер тарапынан соттың ашық өтуі туралы көп айтылып жатыр. Тергеу сатысында заңбұзушылықтарға жол берілмеді. Прокуратура ашық сот процесін онлайн режимде өткізу туралы өтініш жасайды», - деді прокурор баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің өкілдері Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.

Ал Алматы облысының прокуроры Берік Адамов қылмыстық іс бойынша жүргізіліп жатқан тергеу сатысында ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын айтты.

Сондай-ақ, өртенген Шерзаттың ата-анасы тұрған үйдің сыртынан резеңке қолғап пен канистр табылғаны туралы айтылды.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Шерзат Болаттың өліміне және бұзақылыққа қатысты 10 күдікті ұсталғанын мәлімдеді.

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.

Соңғы жаңалықтар