Талғардағы оқиға: Өртенген үйдің сыртынан резеңке қолғап пен канистр табылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM –12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Өрт сырттан басталды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Алматы облысының прокуроры Берік Адамов айтты.
«Өрт болған жерден дәлелдер жиналды. 600-ден астам адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын нақты анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай емес екенін және от сырттан қойылғанын айтты. Оқиға орнынан резіңке қолғап пен канистрға зерттеулер жүргізіліп жатыр»,- деді прокурор.
Еске салайық,4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.
12 қазан күні түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Сондай-ақ, Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.