Талғардағы жасөспірімнің өлімі: Бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатыр

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты түсінік берді.

видеонаблюдение бейнебақылау камера
Фото: Kazinform

«Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Барлық кінәлі адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел -тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлел, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қатыстылығын анықтау үшін тергеу аясында тексеру жүргізіліп жатыр. Әрқайсысына қатысты құқықтық баға берілетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабардар етіліп отыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді»,- деді Алматы облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров.

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болды.

Кейін талғарлықтар жасөспірімнің өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

 

Соңғы жаңалықтар