Шерзат Болаттың өлімі: Алматы облысында бірнеше полиция қызметкері лауазымынан босатылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері отставкаға кетті.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы полиция департаментінің басшы құрамымен осы жылдың тоғыз айындағы жедел қызметтің қорытындысы бойынша жиын өткізді.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрлігі басшысының бұйрығымен бірқатар жоғары лауазымды полицей қызметінен босатылды:
Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров;
Талғар аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұржан Күнтүнов;
Полиция департаментінің Алматы облысы бойынша экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Ұлан Байтақов;
Алматы облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
Алматы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр;
Алматы облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Жанат Омаров.
Жедел кеңестің қорытындысы бойынша министр өңірдегі құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
ІІМ басшысы Талғар ауданында кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқан жедел-тергеу тобын жеке тыңдады. Бұл бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
Сондай-ақ Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.
15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды. Ал,Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.
Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.