Хасан Қасымбаев соты: Екі прокурордың бірі істен шеттетілді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге де күдіктілерге байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Сот басталғаннан кейін айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Бір сағаттық үзілістен кейін судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырып, мемлекеттік айыптаушы залдан шықты. Сот отырысы екінші прокурор — Ерлан Құланбаевтың қатысуымен жалғасып жатыр.
Еске салайық, былтыр қараша айында Хасан Қасымбаев қамауға алынды.
Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылып отыр.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов кәсіпкер Хасан Қасымбаевқа қатысты түсінік берді.
Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.
Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы осы жылдың 21 шілдесінде істі айыптау актісімен облыс прокуратурасына жолдаған. Ал облыс прокуратурасы 29 шілдеде іс бойынша құрылған айыптау актісін бекітіп, істі негізінен қарау үшін Талғар аудандық сотына жолдады.