Хасан Қасымбаевқа қатысты іс сотқа жолданды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Kazinform сауалына жауап берген Алматы облысының прокуратурасы Хасан Қасымбаевқа қатысты іс қандай сатыда екенін хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы Х.Қасымбаев және басқа тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, осы жылдың 21 шілдесінде істі айыптау актісімен облыс прокуратурасына жолдаған.
Ал облыс прокуратурасы 29 шілдеде іс бойынша құрылған айыптау актісін бекітіп, істі қарау үшін Талғар аудандық сотына жолдағанын хабарлады.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, Хасан Қасымбаевқа қатысты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша тергеу амалдары жүргізілді.
Еске салайық, былтыр қараша айында Хасан Қасымбаев қамауға алынды.
Бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін талғарлықтар оны «Хуторские» тобының басшысы болуы мүмкін екенін айтқан еді.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов кәсіпкер Хасан Қасымбаевқа қатысты түсінік берді.
Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.