Хасан Қасымбаевтың адвокаттары апелляциялық сотқа шағым түсірді

Фото: видеодан алынған скрин

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғарда 12 жылға сотталған Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкімімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

– Бүгін үкім жарияланған күннен бері 15 күн уақыт өтті. Кеше біз алдын ала шағым бердік, енді оны толықтырамыз, өйткені үкім кеше ғана қолымызға тиді. Құжатты мұқият қарап, талдауымыз керек, ол 56 беттен тұрады, - деді адвокаттардың бірі Нариман Кервенов.

Бұған дейін қорғаушылар сот шешімімен келіспейтінін айтып, міндетті түрде апелляциялық шағым түсіретінін айтқан еді.

Еске салайық, 2025 жылғы 11 қарашада Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша бопсалау ісі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар іс бойынша тағы бес адамға үкім шықты.

Кейінірек Алматы облысы Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты үкімнің мән-жайын түсіндірді.