Хоккей: «Барыс» екінші мәрте «Сарыарқадан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» бүгін Қарағандының «Сарыарқа» командасымен екінші жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ойын барысында елордалық команда шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Нәтижесінде қарсыластар қақпасына алты шайба соғып, өз қақпасына бір шайба жіберіп алды.

Ойынның бірінші кезеңінде Егор Петухов «Барысты» алға шығарды. Одан кейін «Сарыарқа» сапынан Никита Анохин таразы басын теңестірді. Көп ұзамай елордалық хоккейші Даррен Диц мергендік танытты.

Үшінші кезеңде «Барыс» қатарынан төрт шайба соғып кетті. Гол соққандар қатарында Валерий Орехов, Никита Гугрков, Павел Акользин және Егор Петухов бар.

Осылайша елордалық команда «Сарыарқаны» 6:1 есебімен тізе бүктірді. Екі күн бұрын «Барыс» олардан 8:2 есебімен басым түскен болатын.

Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» бұдан бұрын Өскеменнің «Торпедо» клубымен екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқысында 1:2 есебімен жеңіліп, екінші ойында 6:4 есебімен басым түсті.

Ал 31 тамызға жоспарланған Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен жолдастық кездесу өткізілмейтін болды.

Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын «Барыс» 3 қыркүйекте Латвияда «Динамо» (Рига) командасына қарсы өткізеді.