Хоккей: «Барыс» жолдастық кездесуде «Сарыарқаны» ойсырата жеңді
Бірінші кезеңде есепті алғаш болып «Сарыарқа» хоккейшісі Владислав Кулиев ашты. Одан кейін «Барыс» қатарынан сегіз шайба соқты. Бірінші кезеңде Антон Сагадеев 8, Әлихан Әсетов 17-минутта қарағандылық команда қақпасынан саңылау тапты.
Екінші кезеңде елордалық клуб сапынан Линус Видель 24, Егор Петухов 33-минуттарда мергендік танытты.
Ал үшінші кезеңде «Барыс» қатарынан Дмитрий Гурков 51, Никита Михайлис 53, Даррен Диц 56, Дмитрий Шевченко 58-минуттарда қарсылас клубты қапы қалдырды. Қорытынды есепті 60-минутта «Сарыарқа» сапынан Александр Борисевич белгіледі.
Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» бұдан бұрын Өскеменнің «Торпедо» клубымен екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқысында 1:2 есебімен жеңіліп, екінші ойында 6:4 есебімен басым түсті. Ал 31 тамызға жоспарланған Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен жолдастық кездесу өткізілмейтін болды.
Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын «Барыс» 3 қыркүйекте Латвияда «Динамо» (Рига) командасына қарсы өткізеді.