Хоккей: «Барыс» жаңа бапкермен алғашқы жеңісіне жетті
Елордалық клуб қарсыласын 6:4 есебімен жеңді.
Бірінші кезеңде «Барыс» сапынан Кертис Волк есеп ашты. Екінші кезеңнің бастапқы уақытында Дмитрий Гренц таразы басын теңестірді. Одан кейін Мэттью Фрэттин «Барысты» қайта алға шығарды. Ал «Торпедо» хоккейшісі Александр Шин соққан шайбадан кейін есеп қайыра теңесті.
Үшінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері Линус Виделль екі, Роман Старченко, Антон Сагадеев, өскемендік клуб қатарынан Дмитрий Стулов және Андрей Виноградов мергендік танытты. Нәтижесінде 6:4 есебімен «Барыс» жеңіске жетті. Айта кету керек, бұл - Юрий Михайлистің бапкер есебінде қол жеткізген алғашқы жеңісі.
Екі команда алғашқы жолдастық кездесуін 21 тамызда өткізген еді. Бұл ойында «Торпедо» 2:1 есебімен басым түсті.
Енді «Барыс» 27 және 29 тамыз күндері Қарағандының «Сарыарқа» командасымен жолдастық кездесу өткізеді.
Елордалық клуб 31 тамызда Ресейдің «Автомобилист» клубымен мұз айдынына шығады.
Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» биыл да құрлықтық хоккей лигасына қатысады. Онда алғашқы ойынында 3 қыркүйекте Латвияның «Динамо» (Рига) клубымен ойнайды.