НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Челябі қаласында жергілікті «Трактормен» өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Трактор» командасы 61 ұпаймен ҚХЛ-дың жалпы кестесінде екінші орында келеді.
Шығыс конференциясында 40 ұпаймен сегізінші сатыда тұрған «Барыс» та бұл ойында барын салатыны анық.
Өткен турда «Трактор» өз айдынында «Северстальды» 6:1 есебімен тас-талқан етсе, «Барыс» Қазанда «Ак Барсқа» есе жіберді – 3:5.
Бүгін Анвар Гатиятулин жаттықтыратын «Трактор» клубы өзінің 74 жылдығын атап өтеді. Сондықтан атаулы күнде айдын иелері жанкүйерлеріне жеңіс сыйлауға тырысатыны белгілі.
«Трактор» өз айдынындағы соңғы төрт бәсекеде «Барысқа» есе жіберді. Дегенмен биылғы маусымда челябілік хоккейшілер 5 қарашада Қазақстан астанасында елордалық команданы овертаймда 5:4 есебімен жеңіп кетті.
Матч елорда уақытымен сағат 18.00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» Қазанда «Ак Барс» командасынан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).