Хоккей: «Барыс» Қазанда «Ак Барс» командасынан жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Барыс» Қазан қаласында «Ак Барс» командасымен шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Шығыс конференциясында «Ак Барс» командасы (Ресей, Қазан қаласы) 53 ұпаймен төртінші орында тұрса, қоржынында 40 ұпайы бар «Барыс» (Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы) сегізінші сатыға сырғып кеткен еді.

Соңғы ойындарын сәтті өткізген «Нефтехимик» (Нижнекамск) 41 ұпай жинап, елордалық клубты басып озған болатын.

«Ак Барс» пен «Барыс» биылғы маусымда екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы 10-минутта Артем Галимовтан шайбаны тартып алған Егор Петухов қақпашы Тимур Биляловтан айласын асыра алмағанымен, Якоб Берглунд тез жетіп үлгеріп, «Барысты» алға шығарды. Алайда екі минуттан кейін қазандық клубтан Артем Лукоянов таразы басын теңестірді – 1:1. Бірінші кезең соңына таман қонақтар сан басымдылығын пайдалана алмағанымен, айып уақыты бітісімен-ақ 18-минутта Коди Куник қақпа алдындағы қарбалас сәтте әбжілдік танытты – 2:1.

Екінші таймда 30-минутта «Ак Барс» хоккейшісі Кирилл Панюков сан басымдылығын мүлт жібермеді. Дегенмен 32-минутта Егор Петухов «Барысты» қайта алға шығарды – 3:2.

Үшінші кезеңде Я.Берглунд алаңнан қуылған сәтте Дмитрий Юдин соққан шайба Джо Морроудың таяғына тиіп, қақпаға кіріп кетті. Содан кейін айдын иелерінен Джордан Уил жеке шеберлігімен көзге түсті – 4:3. А.Лукоянов матч нүктесін қойды – 5:3.

Юрий Михайлистің шәкірттері келесі кездесуін 25 желтоқсанда Челябіде жергілікті «Трактормен» өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» «Автомобилист» командасынан басым түскенін, Қазанда «Ак Барспен» күш сынасатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар