Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына дайындығын бастады

Фото: Фото: icehockey.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Астана қаласында әлем чемпионатына дайындығын бастап кетті.

Оқу-жаттығу жиынына әзірге барлық хоккейші жиналған жоқ. Кеңейтілген тізімге ұлттық құраманың жетекші ойыншысы Роман Старченко енгізілген еді. 

Бас бапкер Олег Болякиннің айтуынша, Роман отадан кейін қалпына келу процесінен өтіп жатыр. 25-26 сәуірде ұлттық құрамаға қосылады деп күтілуде. Ол әлем чемпионатына баруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Александр Борисевичте арқасында жарақатқа байланысты проблема бар. Ян Тютюньковтан да жарақат байқалған. 

Оқу-жаттығу жиынына құрамаға шақырылған хоккейшінің барлығы дерлік жиналды. Дегенмен «Барыс» сапынан Әлихан Әсетов, Батырлан Мұратов, Максим Мұхаметовтің жарақаты бар екені анықталған. 

Әлем чемпионаты 9-25 мамыр аралығында Швеция мен Данияда өтеді. Қазақстандық хоккейшілер В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Норвегия, Дания, Германия, Венгрия, Чехия, Швейцария және АҚШ.

Еске салсақ, бұдан бұрын хоккейден Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімі жарияланды.