Хуситтер АҚШ-қа жедел әрі жойқын соққы жасайтынын ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Дональд Трамп Сауд Арабиясының хуситтерге қарсы әскери операциясына қосылған жағдайда, көтерілісшілер АҚШ-тың Таяу Шығыстағы мүдделеріне жедел әрі жойқын соққы беретінін мәлімдеді. Бұл туралы FOX News -ке сілтеме жасаған Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: en.althawranews.net

– Егер АҚШ Йеменге қарсы әскери әрекеттерге араласса, жауап қайтаруды ұзақ күттірмейміз. АҚШ-тың өзіне және аймақтағы барлық мүддесіне бағытталған жедел әрі жойқын соққы жасаймыз, – деді хуситтердің саяси бюросының мүшесі Мұхаммед әл-Бухайти.

Мұхаммед әл-Бухайти Сауд Арабиясындағы мұнай нысандары мен әуежай қызметкерлерін бұл орындардан алыс жүруге шақырды. Оның айтуынша, аталған нысандар енді заңды нысанаға айналған.

Бұл мәлімдемелер топтың Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасаған жойқын шабуылынан кейін айтылды. Қайғылы оқиға 13 адамның өмірін қиып, жүздеген адамды жаралады.

Дүйсенбі күні президент Дональд Трамп Эр-Риядтағы шабуылды айыптап, бұл әрекетті мүлде орынсыз деп мәлімдеді.

– Хуситтер өте өрескел қателік жасап отыр. Олардың ісі мүлде дұрыс емес, – деді АҚШ президенті Дональд Трамп.

Бұған дейін Иран АҚШ-тың Парсы шығанағындағы дерек орталықтарын жоямыз деп сес көрсеткені хабарланған болатын.