Иран АҚШ-тың Парсы шығанағындағы дерек орталықтарын жоямыз деп сес көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран АҚШ-пен соғыс өрті қайта тұтанса, қандай нысандарға соққы жасайтынын нақтылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иранның Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи жаңа әскери қақтығыста АҚШ-тың Парсы шығанағындағы дерек орталықтары, жасанды интеллект нысандары және кабель инфрақұрылымы нысанаға алынуы мүмкін екенін айтты.
Ол бұл туралы Иранның Press TV телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Сұхбат жексенбі күні эфирге шыққан. IRNA агенттігі сұхбат мәтінін жариялады.
Резаидің айтуынша, бұл нысандар — БАӘ мен Ормуз бұғазы маңындағы активтер, оларды Тегеран әлі өз нысаналарының қатарына қоспаған.
— Құрама Штаттардың БАӘ мен Ормуз бұғазы маңында өте құнды активтері бар. Біз бұл активтерді әлі өз нысаналарымыздың қатарына қосқан жоқпыз. Бірақ егер соғыс қайта басталса, осы кабельдердің, деректер орталықтарының, жасанды интеллект және басқа да көптеген нысанның көпшілігі жойылады, — деді ол.
"They faced defeat in almost every single campaign" In an exclusive interview with Press TV, Major General Mohsen Rezaei said that Iran defeated successive enemy campaigns, took control of the Strait of Hormuz, and disrupted smuggling operations. Follow: https://t.co/oa9JV4iSOo https://t.co/qz1zEWYXN8
— Press TV 🔻 (@PressTV) October 11, 2026
Резаи «аймақтағы Америка экономикасының жүрек қағысы» осы инфрақұрылым нысандарына байланысты дей отырып, активтердің құнын 2 триллион доллардан астам деп бағалады.
Ол сондай-ақ Иран АҚШ қайта шабуыл бастаса, қосымша әскери мүмкіндіктерді қолдануға дайын екенін мәлімдеді. Ол Тегеран соғыстың алғашқы аптасында одан әрі әрекет ету нұсқаларын сақтау үшін өзінің толық әлеуетін әдейі төмендеткенін тілге тиек етті.
— Бүгінде, егер тағы бір қақтығыс болса, біз жауды әлдеқайда ауқымды әрі кешенді жоспармен қарса алуға дайынбыз, — деді Резаи.
Вашингтонмен делдал арқылы байланыс орнатып отырған Тегеран тарапы осылай сес көрсетіп отыр. Резаидың айтуынша, соңғы екі айда АҚШ Пәкістан, Қатар және Ирак арқылы Иранмен байланыс орнатып, шамамен екі апта бұрын Ираннан келісімге келу бойынша ұсыныстар сұраған.
Резаидің айтуынша, Тегеран қойған жеті шарт орындалса, АҚШ үшін Ормуз бұғазы ашылып, келіссөз басталады.
Ол Вашингтон кейбір талапқа келіскенін, ал кей талапқа берілген жауаптың түсініксіз болып отырғанын, соған байланысты Иран тарапы оны қанағаттанарлықсыз деп санайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Трамп Конгресс сайлауына дейін Иранға соққы жасамайтынын мәлімдеген болатын.
Кеше түнде Ормуз бұғазында тағы бір мұнай танкері минаға соғылып, өртенген.