Хуситтер Израильмен байланысы бар кемелерге шабуыл жасауға уәде берді

Фото: Хуситтер қозғалысының Қорғаныс министрлігі / www.mmy.ye

АСТАНА. KAZINFORM — Йемендік топ бұдан былай Израиль порттарымен ынтымақтасып отырған компаниялардың кемелеріне шабуыл жасайтынын ескертті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі

Йемендік хуситтер қозғалысының «Аңсар Аллах» қарулы қанаты Израильді теңізде қоршау операциясының төртінші кезеңі басталғанын жариялады.

Жексенбі күні жарияланған мәлімдемеде хабарланғандай, бұдан былай Израиль порттарымен жұмыс істейтін компанияларға тиесілі барлық кеменің шыққан еліне немесе бағытына қарамастан шабуылға ұшырайды. 

Топ барлық компанияны «Израиль порттарымен өзара әрекеттесуді дереу тоқтатуға» шақырып, олардың кемелері хусит күштері қол жеткізе алатын кез келген жерде одан әрі зымырандық және ұшқышсыз шабуылдар үшін нысанаға айналуы мүмкін екенін атап өтті. 

Хуситтер өздерінің әрекеттерін Палестина халқымен ынтымақтасу әрекеті деп санайды. Соңғы мәлімет бойынша, Израильдің Газадағы әскери әрекетінен 59 800-ден астам адам қаза тапты.

Бұған дейін хабарланғандай, хуситтер АҚШ-тың Harry Truman ұшақ тасығыш кемесіне соққы жасады.