Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сарианың айтуынша, шабуыл салдарынан мұнай нысандарында өрт шыққан.
— Операция Aramco компаниясының Абкайк қаласындағы нысандарына бағытталды. Соққы дәл тиді, соның салдарынан нысандарда өрт шықты, — деді ол.
Сонымен қатар Сарианың мәлімдеуінше, Эр-Риядтағы қаржы орталығына, Йеменнің әл-Джауф, Мариб және Лахдж провинцияларындағы араб коалициясы әскерлерінің позицияларына да соққы жасалған.
Алайда әзірше зымырандардың нысанаға тигені және өрт шыққаны туралы ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
Еске салайық, 8 қарашада Сауд Арабиясы хуситтер Эр-Рияд қаласына қарай ұшырған екі баллистикалық зымыранды атып түсіргенін хабарлады. Араб коалициясының өкілі Турки әл-Мәликидің айтуынша, екі зымыран да әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы жойылған.
Бұған дейін, 7 қарашада хуситтер Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежай мен Saudi Aramco мұнай нысандарына соққы жасағанын мәлімдеген еді. Яхья Сарианың сөзінше, баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған алты әскери операция жүргізілген.