16 қазанда Бангкокте өткен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы жиынында сөз сөйлеген Кристалина Георгиева технологиялардың қарқынды дамуы әлемдік экономикаға жаңа сын-қатерлер әкеліп отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, жаһандық саудадағы іркілістер, азық-түлік пен энергия ресурлары бағасының жоғарылығы, сондай-ақ жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар дамыған және кедей елдер арасындағы алшақтықты ұлғайтуы мүмкін.
— Қазір халықаралық деңгейде шұғыл әрі нақты ынтымақтастық қажет, — деді ХВҚ басшысы.
Георгиеваны әсіресе жасанды интеллектінің қарқынды дамуы алаңдатады. Ол жаңа технологияларды реттеу қажеттігін атап өтіп, дамушы елдердің қолайсыз жағдайда қалмауы керегін айтты.
Бұған дейін ХВҚ 2026 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын сәл көтеріп, 3,1% деңгейінде бағалады. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш тарихи орташа деңгейден едәуір төмен. Қор негізгі тәуекелдер қатарына жасанды интеллект саласындағы инвестициялық серпіннің бәсеңдеуін, мемлекеттік қарыздың өсуін және Таяу Шығыстағы қақтығыстың жалғасуын жатқызды.
ХВҚ мәліметінше, Таяу Шығыстағы әскери әрекеттер мен Иранның Ормуз бұғазын жабуы әлемдік энергетика нарығында елеулі дүрбелең туғызды. Осы факторлар болмағанда, жасанды интеллектінің дамуы экономикалық өсім қарқынын одан әрі арттыруы мүмкін еді.
Сонымен бірге АҚШ өкілдері ХВҚ-ны әлемдік экономикадағы оң үрдістерге көбірек назар аударуға шақырды. АҚШ Қаржы министрінің орынбасары Эрин Браун ел экономикасының тұрақты өсуі жаһандық қаржылық тұрақтылыққа ықпал ететінін мәлімдеді.
— ХВҚ әлемдік экономиканың даму перспективаларын бағалауда теңгерімді тәсілді ұстануы керек, — деді ол.
Жасанды интеллект саласындағы инвестициялардың тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық қор нарықтарына да әсер етіп отыр. Reuters дерегінше, Оңтүстік Кореяның қор нарығы кейінгі 18 жылдағы ең үлкен апталық құлдырауды көрсетті, ал Жапония нарығы 5,4%-ға төмендеді.
Бұдан бөлек, ХВҚ дамушы мемлекеттердің қаржылық қолдауға деген сұранысы артып келе жатқанын хабарлады. Қордың Стратегия департаментінің директоры Кристиан Муммсеннің айтуынша, табысы төмен елдерге берілетін жеңілдетілген несиелер көлемі COVID-19 пандемиясына дейінгі кезеңмен салыстырғанда төрт есе өскен.
Пандемия басталғалы бері ХВҚ қаржыландыруының шамамен 60%-ы табысы төмен елдерге бағытталған.
Қор экономикалық белгісіздік сақталған жағдайда жеңілдетілген несиеге сұраныс жоғары деңгейде қалады деп болжап отыр.
Еске салайық, бұған дейін болашақта ЖИ-агенттер жеке қызметкерлердің мүмкіндігін бірнеше есе арттырады және бір адам басқарса да, құны ондаған миллион, тіпті миллиардтаған долларға бағаланатын компаниялар пайда болуы мүмкін екенін жазғанбыз. Бұл туралы БАӘ-нің Жасанды интеллект мәселелері жөніндегі министрі Омар әл-Олама мәлімдеді.