Қытайдағы ең үлкен мешіт Қашқарда орналасқан.VII ғасырда негізі қаланып 1442 жылы қайта салынған Ид Ках мешітінде Орта Азияның сәулет-құрылыс өнерінің ең үздік тәсілдері ескерілген. Оның жалпы аумағы – 16 800 шаршы метр. Жеті бөлімнен тұрады.
Тарихи деректерге сүйенсек,кезінде Ид Ках мешіті – ислам мәдениетін насихаттайтын маңызды орындардың бірі болған. Мұнда келушілерге діни дәріс беретін ұстаздар отырған. Сонымен қатар, бойында таланты бар адамдардың дарынын дамытқан деседі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, «Ид Ках» деген «айт күндері намаз оқу» дегенді білдіреді. Көне діни орында бір мезетте 10 мың мұсылман құлшылық ете алады.
1962 жылы Шыңжаң өлкесіндегі сәулетті діни кешен ретінде танылып, 2001 жылы ҚХР-ның ерекше қорғалатын рухани және мәдени орындардың тізіміне кірді.
Қашқар – ауа райы қолайлы,табиғаты жайлы мекен. Жергілікті халық саудамен қатар, ауыл шаруашылықпен айналысады.
Қала шетінде үлкен индустралды аймақ орналасқан. Онда мақта өндеу мен машина жасау зауыты бар.
Осыған дейін екі мың жылдық тарихы бар көне Қашқар шаһары туралы жазған едік.