IHH түрік қоры: Судан құрылымдық гуманитарлық күйреудің алдында тұр

АСТАНА. KAZINFORM — «Адам құқықтары мен бостандықтары» гуманитарлық көмек қорында Суданда жұмыс істеудің операциялық қиындықтары туралы айтылды. Елде халықтың 74%-ы табыссыз қалған, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: Анадолы

ІHH түрік қорының хабарлауынша, Суданда гуманитарлық жағдай уақыт өткен сайын тереңдеп, «құрылымдық коллапс» деңгейіне жеткен. Экономика құлдырап, халықтың 74%-ы табыссыз қалған, ал азық-түлік бағасы күрт өскен.

Қор өкілдері атап өткендей, балалар мен әйелдер ең осал топқа жатады: балалар қараусыз қалса, әйелдер су мен азық-түлік алу үшін қауіпті жағдайларға тап болады. Сонымен қатар, ІHH қызметкерлері гуманитарлық көмекті жеткізу кезінде көптеген кедергілерге кездеседі. Мәселен, жолдың нашарлығы, жанармай бағасының қымбаттығы, әкімшілік рәсімдер, интернет пен байланысқа шектеу, климаттық қауіптер және халықтың жиі көшуі.

Қор 25 миллионнан астам адамның өмір сүруі үшін гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін хабарлады. Олар осыған дейін 4,5 миллион адамға азық-түлік, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек және қаржылай көмек жеткізген.

2023 жылы 15 сәуірден бастап Хартумде басталған қарулы қақтығыс бүкіл елге таралып, Судандағы дағдарысты әлемдегі ең ірі және тез дамып келе жатқан гуманитарлық кризиске айналдырған. БҰҰ мәліметінше, азық-түлік тапшылығы мен зорлық-зомбылық балалардың өміріне қауіп төндіріп, миллиондаған адамдар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

БҰҰ өкілдері тез арада зорлық-зомбылықты тоқтатып, ең осал қауымдастықтарға қол жеткізуді қамтамасыз ету және гуманитарлық көмекке қаржы бөлуге шақырады.

Айта кетейік, елден безген Судан босқындары Мароккода да тығырыққа тіреліп отыр.