Министрліктің хабарлауынша, ТЖ жарияланған сәттен бастап тәртіпті бұзғаны үшін (ӘҚБ туралы ҚРК-нің 476-бабы) және ТЖ жағдайында құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер үшін (478 ӘҚБ ҚРК-нің 478-бабы) әкімшілік жауапкершілікке 5 130 адам тартылған. Оның ішінде 2479 адамға айыппұл салынып, 1626 адам қамауға алынған.
Мəселен, әкімшілік қамауға Алматы қаласының тұрғыны Асхат Жексебаев тартылған. Ол тұрғындарды үйлерінен шығып, бос кәстрөлдермен ұруға шақырған бейне үндеуін жазған.
«Сол секілді Жамбыл облысынан Бағдат Бақтыбаев әлеуметтік көмек алуға өтінім рәсімдеуші туралы түсірілім жүргізіп, тұрғындарды төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермеледі. Ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттері үшін әкімшілік сот шешімімен Жаңаөзен қаласының тұрғыны Асхат Өтенов 20 тәулікке қамауға алынды. №4 Павлодар қалалық ауруханасының қызметі туралы əлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан, ТЖ кезінде медициналық мекеменің қызметіне араласқан және бұзған қала тұрғыны Андрей Командин әкімшілік 5 тәулікке қамауға алынды», - деп хабарлайды министрліктен.
Сондай-ақ ішкі істер органдары коронавирус туралы жалған ақпарат тарату жағдайларын анықтап жатыр. Бүгінгі күні 80 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Барлық осындай факт бойынша кінәлілер анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.