ІІМ-де тергеуші әйелдер спартакиадасы өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында Ішкі істер министрлігі алғаш рет елорданың тергеу бөлімшелерінің әйел тергеушілері арасында спартакиада өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарысқа Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының, Нұр-сұлтан қаласы Полиция департаментінің, Көліктегі полиция департаментінің командалары қатысты.

Турнирде үстел теннисі, волейбол, баскетбол, арқан тарту сияқты спорт түрлері бойынша бақ сынасты.

Жарыс қорытындысында бірінші орынды Көліктегі полиция департаментінің командасы, екінші орынды Нұр-сұлтан қаласы Полиция департаментінің, үшінші орынды ІІМ орталық аппаратының командасы иеленді.

Жарыс жеңімпаздары дипломдар және кубоктармен марапатталды.

Айта кету керек, әйел тергеушілер ішкі істер органдарының құрылымында ерекше орын алады.

«Ішкі істер министрлігінде 1500-ден астам әйел тергеушілер мен анықтаушылар қызмет атқарады. Олар ауыр және аса ауыр қылмыстар санаттарын тергейді, ерлермен қатар тәуліктік жасақтарға түседі. Сонымен қатар, көптеген әйелдер еліміздің тергеу бөлімшелерінің басшылық лауазымдарын атқарады» , – деп атап өтті ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

2020 жылдың қараша айының соңында ҰҚСК мүшелері әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің штатын нығайту, балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеу үшін әйел тергеушілерді мамандандыруды енгізу бойынша ұсыныстар берген еді.

2021 жылғы наурызда ішкі істер министрінің бұйрығымен ішкі қайта бөлу есебінен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штат саны 248 бірлікке, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар саны 2,5 мыңға жуық бірлікке жеткізілді. Сондай-ақ, өткен жылы әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты тергеу топтары құрылды, олардың құрамына әйел тергеушілер кірді.