«Біз екінші жыл қатарынан Бас прокуратурамен бірлесе отырып, қылмыстарды есепке алу және тіркеу бағытында қатаң тәртіп орнатып отырмыз. Біздің міндетіміз - қылмыстарды есепке алу мен тіркеудің толықтығын қамтамасыз ету. Азаматтардың полицияға жолдаған әрбір өтінішін тірукеу, кейін өтінішке сәйкес жұмыстар жүргізу. Мұнсыз полиция азаматтардың сеніміне ие бола алмайды», - деді министр Қалмұханбет Қасымов.
Дегенмен, ведомство басшысы шынайы статистикаға қол жеткізу міндеті оңай жүзеге аспағанын алға тартады. «Өйткені, бұрынғы кеңестік кезеңнен бері милициядан негізінен қылмысты азайту мен оның ашылу көлемін ұлғайтуға қатысты еліміз үшін «жағымды көрсеткіш» талап етілетін. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін де қазақстандық полиция мұндай тәжірибеден бірден кете алмады. Сөйтіп, 25-30 пайызға жуық қылмыстар жасырылып келді. Мәселен, 1993-1994 жылдары тіркелген қылмыстардың саны 200 мыңнан асып, кейін бұл көрсеткіш жылма-жыл қысқара бастады. Тіпті осы жылдардағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 70-80 пайызға дейін жетті. Әрине, бұл шынайы статистика емес, керісінше статистикалық айла-тәсіл ғана болатын. Біз бәрін басынан, қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы азаматтардың өтініштерін жасырмастан тіркеуден бастадық», - деді министр.