ІІМ-нің Жол полициясы комитеті жаңа жылдың алғашқы күндері дербес сайттарының мобильді нұсқасын ұсынды

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - ІІМ-нің Жол полициясы комитеті дербес сайттарының мобильді нұсқасын ұсынды.

Жаңа ресурс ұялы телефондардың шағын дисплейлерінде, коммуникаторлар мен қалта компьютерлердің дисплейлерінде қарау үшін оңтайландырылып шығарылған. Сайттың мобильді нұсқасы ең қажет ақпаратты оңай алу мүмкіндігімен жасалған. Бұл туралы ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сайт пайдаланушылары жол полициясының соңғы жаңалықтарымен, жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу және Жол жүру ережелерімен таныса алады. Бұдан басқа, мобильді нұсқаны пайдаланушылар ЖҚЕ бұзушылықтарын анықтай алады және онлайн режимде бұзушылықтары үшін айыппұлдарын да төлеу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, сайттың мобильді нұсқасында Комитет мамандарына сұрақ қойып, жол жүрісі саласында кеңес алуға болады.

«Сайт пайдаланушылары арасында мобильді құрылғылардың кеңінен пайдаланылуы сайттың мобильді нұсқасын әзірлеуге ықпал етті, - деп Жол полициясы комитеті төрағасының орынбасары Ермек Құсайынов атап өтті - Статистикаға сәйкес, ЖПК сайтының тұрақты пайдаланушыларының 30 пайызы порталдың сервистеріне мобильді құрылғы арқылы кіреді».

Интернет желісіндегі ІІМ Жол полициясы комитетінің ресми сайты 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. Халық арасында сайт кеңінен танымал: күн сайын сайтта орта есеппен алғанда 600 адамның кіргені тіркеледі, олар сайттың 3 мыңға жуық парақтарынан ақпарат алады. Барлығы 2012 жылы 188 мың сайт пайдаланушысы 1,2 млн. рет кірген. Сонымен қатар, сайтқа Қазақстан азаматтарынан басқа, таяу және алыс шетелдердің азаматтары да кіреді.

Сайт пайдаланушылары үшін интерактивті қызметтер әзірленген (сайттың өзінің модульдері арқылы немесе анықтама сілтемелер бойынша): ЖҚЕ бұзушылықтарын анықтау, Интернет арқылы бұзушылықтар үшін айыппұлдарды төлеу, көлік құралына салық көлемін есептеу, сақтандыру және дөңгелек калькуляторларының қызметі, жол полициясы бөліністерінің электрондық картасы, сондай-ақ «ЖҚЕ - онлайн» сервисі, «Қауіпсіздік әліппесі» балалар ойыны.

«Мобильді құрылғылардың сан алуан түрлерін меңгерген Интернет пайдаланушылары сайттың «ықшам» түрін тиісінше бағалайды деп сенім білдіреміз.

Сайттың мобильді нұсқасы http://mvd.gov.kz/wap/kdp мекенжайында орналасқан.