ІІМ отбасындағы жанжал кезінде полицияға белгі беру үшін ым-ишара тілін қолдануды ұсынды
«Біз заңнаманы жетілдіру аясында тиісті алгоритмдерді әзірледік. Полиция қызметкері келген кезде бастысы – ол жәбірленуші мен агрессорды ажырата алуы тиіс. Бұл - міндетті ереже және ол агрессор тарапынан жасалуы мүмкін қысымның алдын алуға бағытталған. Кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері зорлық-зомбылық құрбанын сабырға шаықырып, мән-жайды анықтай бастайды. Осы орайда біз азаматтарға мынаны жеткізгіміз келеді: егер өміріңізге қауіп төніп тұрғанын айту мүмкіндігі болмаса, онда халықаралық ым-ишара тілін қолдану қажет. Егер адам бас бармағынын алақынына қарай бүгіп, қалған төрт саусағымен қолын жұдырық етіп жұмса, ол азаматқа қауіп төніп тұрғанын және көмек қажет екенін білдіреді», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров ОКҚ-де өткен брифингіде.
Қоса кетсек, 1 шілдеден бастап отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске өзгеріс енеді.
Атап айтқанда, енді әкімшілік іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес.
Ол көршілер мен куәгерлердің айғақтарына негізделеді. Сондай-ақ, жәбірленуші мен агрессорға қайта татуласу мүмкіндігі берілмейді.