ІІМ жазда суға түскенде абай болуға шақырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізде 81 адам суға кеткен. Оның 23-і - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай статистиканы келтірді.

«Өкінішке қарай, жыл басынан бері 81 адамның, соның ішінде 23 баланың ажалы судан болды. Арасында 24 адам балық аулаудың қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Яғни, балықшылар көктем және қыс айларында су бетіне құтқару құралынсыз шыққан. Ал оның ақыры қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған. Шомылуға арнап жабдықталмаған орында суға түсемін деп қаза болғандар саны - 11, оның алтауы - бала» - дейді Юрий Ильин.

Министр орынбасарының айтуынша, ата-ананың қарауынсыз қалған 15 бала суға құлап, мерт болған. Тағы 2 адам өзгелерді құтқару кезінде ажал құшқан. Тағы 27 адамның қалай қаза тапқаны әлі анықталып жатыр.

«Аталмыш санаттағы қайғылы оқиғалардың себебі әртүрлі. Бірінде қылмыстың ізі болса, бірінде сиуцид жағдайы бар. Судан келген өлімнің барлығы тіркеліп отырады. Әр жағдай бойынша толық тексеру жүргізіледі» - дейді министрлік өкілі.

Юрий Ильин биыл жазда елімізде 12960 балалар лагері жұмыс істейтінін айтты.

«ІІМ бөлімшелері аталмыш лагерьлердің балаларды қабылдау дайындығын тексеріп жатыр. Елдегі 130 лагерь орналасқан аумақтағы су көздерін тазалау жұмыстары басталды» - дейді министрдің орынбасары.