Илон Маск балаларға SpaceX акцияларын таратпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Илон Маск әлеуметтік желіде өз компанияларының активтерін балаларға үлестіріп бермек ойы барын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі.

Фото: BILD

— Келесі жылы Америкадағы әр балаға бір-бірден SpaceX акцияларын таратамын, — деп жариязды Илон Маск X парақшасында.

Оның айтуынша, бұл көптеген қайырымдылық акцияларының алғашқысы болады.

New York Post басылымының жазуынша, Маск акцияларды қалай таратуды жоспарлап отырғанын айтпаған. Бірақ ол қаражатты «Трамптың шотына» (Trump Accounts), яғни Ақ үйдің балаларға арналған салық жеңілдіктері бар жаңа инвестициялық шоттарына аударуы мүмкін.

Бұл шоттар 2025 жылдың қаңтары мен 2028 жылдың соңы аралығында АҚШ-та туылған балаларға арналған.

Қазіргі уақытта бағдарлама шамамен 70 миллион баланы қамтиды. Ақ үй осы айдың басында қаржы министрі Скотт Бессент, салық басқармасының бас директоры Фрэнк Бизиньяно, филантроптар, Dell Technologies басшылары Майкл және Сьюзан Делл, сондай-ақ Altimeter Capital инвестициялық фирмасының негізін қалаушы және бас директоры Брэд Герстнер салықтан босатылған бағдарламаға «тарихи үлес» қосқанын жариялады.

Бұған дейін Илон Масктың республикашылдардың Сенаттағы жеңісін қолдау үшін 158 миллион доллар қайырымдылық жасағаны туралы хабарланған болатын.

Илон Маск Трамптың «суперинтеллект» туралы мәлімдемесінен кейін SpaceXAI атауын өзгертеді.