Илон Маск республикашылдарды қолдауға 158 млн доллар аударды

АСТАНА. KAZINFORM — Миллиардер Илон Маск АҚШ Сенатындағы республикашылдарды қолдайтын негізгі Super PAC ұйымына 158 миллион доллар аударды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі CBS News-ке сілтеме жасап.

Фото: CNBS

Илон Маск 9 қыркүйекте Senate Leadership Fund PAC қорына 75 миллион доллар, ал екі аптадан кейін тағы 83 миллион доллар аударған. Осылайша оның екі ірі қайырымдылық жарнасы биылғы үшінші тоқсанда саяси комитетке түскен барлық қаражаттың жартысынан астамын құрады.

Қаражат Техас штатындағы Сенат сайлауында республикашыл Кен Пакстонды қолдауға арналған Texas PAC қорына аударылды. Пакстон Сенаттағы орын үшін Демократиялық партияның кандидаты Джеймс Таларикомен бәсекеге түсіп жатыр.

Джеймс Таларико Техас штатында кейінгі 30 жылдан астам уақыттан бері жеңіске жеткен алғашқы демократ болуы мүмкін. Сауалнамалар бойынша, ол қарсыласынан алда келеді. Пакстон жеңілсе, республикашылдардың Сенаттағы басымдығын сақтап қалуы қиындай түседі.

Бұған дейін Дональд Трамп республикашылдарға биылғы аралық сайлауда Конгресті бақылауда ұстай алмаса, демократтар оған тағы да импичмент жариялайтынын ескерткенін хабарлаған едік.